Түрікменбашы халықаралық теңіз порты мен Ақтау порты Әзірбайжан компаниялары арқылы Румынияның Констанца портына жүк тасымалдайды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Бизнес Түркіменстанға сілтеме жасап.
Осы жоба аясында теміржол және теңіз көліктерімен бірлескен тасымалдауды жүзеге асыру көзделіп отыр.
Хабарламаға сәйкес, жоба Әзірбайжан темір жолының еншілес компаниясы ADY Container және қытайлық COSCO SHIPPING Lines компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылады.
ADY Container контейнерлік пойыздарды Ақтау және Түрікменбашы порттарынан Каспий теңізі мен темір жол арқылы Грузияның Батуми портына тасымалдайтын болады. Содан кейін контейнерлер Батумиден Констанца портына COSCO SHIPPING Lines ұсынған кемелермен тасымалданады.
Румынияның Констанца порты – Еуропадағы ең ірі порттар арасында 17-орында тұрған ең үлкен Қара теңіз порты. Оның ауданы 3926 га.