Маңғыстау облысының оқушылары жазғы демалысын, бос уақытын тиімді пайдалану және танымдық білімін дамыту мақсатында 150 жылдық тарихы бар, көрікті Ақтөбе қаласына барып келді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, 3 күндік эксурсияға аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан балалар мен дарынды оқушылар (экологиялық және туристік - өлкетану бағытындағы республикалық, облыстық шаралардың жеңімпаздары) барлығы 45 оқушы барған.
«Ақтау - Ақтөбе» экскурсиясы бағдарламасына сәйкес Тұңғыш Президент саябағына, ойын - сауық алаңдарына, квест ойындарына, Ақтөбе облыстық тарихи - өлкетану және өңірлік мемлекеттік университетіне, «Руханият» мұражайларына саяхат жасаған.
«Мұражайға саяхат жасау арқылы тұлғаның үйлесімді дамуына, қалыптасуына зор ықпал тигізеді. Сонымен қатар, балаларды, ұлтжандылыққа, мәдениеттілікке, өз елінің тарихын құрметтеуге тәрбиелеп, шежірелі өлкенің тарихын біліп қана қоймай, оны сүйіп, құрметтеу әрбір азаматтың міндеті екендігін жете түсінуге көмектесетіні сөзсіз», - деп жазылған хабарламада.
Экскурсияның үшінші күні балаларға «Tree of life» Аква паркі мен «KERUENCITY» ойын - сауық орталығында мәдени - спорттық мерекелік шаралары өткізілген.
Экскурсия соңында білім алушылар және ата - аналар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірген.