Маңғыстау облысының прокуроры шындыққа жанаспайтын ақпараттар мен аудио, видео жазбаларды таратуға қатысты үндеу жасады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Іргелес өңірдерде төтенше жағдай жариялануына байланысты Бейнеу ауданы және Ақтау қаласына Атырау облысының Құлсары қаласынан 16 мыңға жуық адамдар көшірілген. Жергілікті атқарушы органдар тиісті жұмыстарды ұйымдастырып, көмек көрсетіп жатыр.
Маңғыстау облысы прокурорының айтуынша, біздің өңірде ахуал бірқалыпты. Дегенмен кейбір тұлғалар қасақана мүлдем шындыққа жанаспайтын ақпараттарды, бейне, аудио жазбаларды таратып жатыр.
«В есімді Жаңаөзен қаласынының тұрғыны қаланы су алып жатыр деген жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған 73 мың теңге айыппұл салынды. Ал, шын мәнінде жағдай ондай емес. Сондықтан барлығыңызды тек ресми ақпараттарға сеніп, пендешілік жасамай, заңды сақтауға шақырамын. Мемлекет басшысы өз үндеуінде айтқандай, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға, қаржылық және басқа да қажетті көмектер көрсетіледі. Тиісті материалдық шығындар өтеледі. Осы бағытта біз заңдылықты қамтамасыз етіп, келеңсіз жағдайларды болдырмау мақсатында тәртіп сақтауымыз қажет. Әртүрлі шындыққа жанаспайтын, қауіп төндіретін, көрінеу жалған мәліметтерді таратсаңыздар, қылмыстық жауапкершілік көзделген. Қадірлі жерлестер, ауызбіршілікпен ел екенімізді білдіріп, дәл осы кезде бір-бірімізге қарасып, тәртіп сақтайық», - деді Маңғыстау облысының прокуроры Руфат Бауыржанұлы.