Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев 17-шағын аудандағы жатақханаға эвакуацияланған азаматтармен кездесіп, хал-жағдайын білді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
17-шағын аудандағы 500 орындық жатақханаға эвакуацияланған азаматтармен кездесу барысында қала әкімі қолдан келгенше көмектесетінін айтты.
-Қазіргі таңда баршамыз бірігіп елімізге, бір-бірімізге көмектесуіміз керек. Бүгін облыс әкімі Нұрлан Асқарұлының төрағалығымен өңірлік штабтың отырысы өтті. Штаб аясында нақты тапсырмалар берілді. Қазіргі таңда Боранқұл ауылы, Бейнеу, Шетпе, Мұнайлы ауданында және Ақтау қаласында арнайы эвакуациялық пункттер ұйымдастырылды. Белсенді азаматтар, демеушілер мен кәсіпкерлер өз көмегін беруде. Біз елмен біргеміз! Бұл сынақты бірігіп жеңеміз!, - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев.
Ал Ақтау қаласы прокурорының орынбасары Берік Ходжаевтың эвакуациялық пунктте кезекші прокурорлар жұмыс істейтінін жеткізді.
-Эвакуацияланған азаматтарға құқықтық көмек көрсету мақсатында жатақханада күнделікті кезекші прокурорлар жұмыс істейді. Тұрғындарда қандай да бір мәселелер туындаған жағдайда прокурарлардан құқықтық көмек ала алады. Яғни прокурорлар эвакуацияланған азаматтарға құқықтық көмек көрсетуге дайын, - деді Ақтау қаласы прокурорының орынбасары Берік Ходжаев.
Құқықтық көмек көрсететін прокурорлармен байланыс номері:
+7 775 494 6293 Мамай
+7 705 229 8368 Бақдәулет
Өз кезегінде эвакуацияланған тұрғындар қала әкіміне алғысын айтты.
-Таза, жайлы жерге орналастық. Барша көмектескен жандарға алғысымды айтамын. Еліміз аман болсын!, - деді Ақбота Жүсіпбаева.