Қадірлі маңғыстаулықтар, құрметті ағайын!
Ата-баба топырағы күңіренте тебіреніп, табиғат-ана да еміреніп, жан-жағын шуағына бөлеп, сағынта жеткен Ұлыс мейрамы – қасиетті Амал мерекесі баршамызға құтты болсын!
Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында тойланатын Амал мерекесінің халқымыз үшін орны бөлек. Ел бұл күні өткен жылдан жаңа жылға есен-сау жеткеніне шүкір етіп, қытымыр қыстың кері шегініп, жер аяғы кеңіп, жер-дүниенің гүлденіп, қол алыса көрісіп, құшақ айқастыра жадырай қауышады.
Тегінде, Амал – елдік, халықтық мейрам. Себебі бұл күні бірлік күшейеді, береке молаяды.
Әсіресе, киелі Маңғыстау жұртының Амалды асыға күтуі мен атап өтуі дәстүрдің дәріптелуіне, бірліктің нығаюына жол ашты. Жыл сайын өңірдегі ұлт пен ұлысты ұйытып, Отпан таудың басында «Бірлік отын» жағуы – осының айғағы.
Мұны қалың қазақтың сүйікті ақыны Сабыр Адай: «Туысқа туыс ерген күн, Кербездеп кеуде керген күн. Бірлігін көріп халықтың, Отпан тау төрін берген күн», - деп татулық туын биіктеткен Амал мерекесінің тағылымын тілге тиек етті.
Қадірлі жерлестер!
Көктемгі жаңарудың, махаббат пен татулықтың белгісіне айналған Амал мейрамында айтылған ақжарма тілектер қабыл болсын! Отанымызға – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге – молшылық, ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілеймін!
Амалдан амалға аман-есен жетейік!
Ізгі тілекпен, Маңғыстау облысының әкімі
Нұрлан Ноғаев