Маңғыстау өңірінде былтыр 2 мамырда іске қосылған «Қарызсыз қоғам» жобасы биыл да жалғасын табады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы Қоғамдық Коммуникация орталығында өткен брифингте «AMANAT»партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, 2023 жылы іске қосылған «Қарызсыз қоғам» жобасы Маңғыстау облысы бойынша 5 ауданда, Мұнайлы, Маңғыстау, Қарақия, Бейнеу, Түпқараған аудандары және Жанаөзен мен Ақтау қалаларында жүзеге асырылып, барлығы 2656 адам
қатысты.
-Жобаның бастапқы кезеңінде барлық әлеуметтік желі және жергілікті БАҚ өкілдерін іске қосқанның өзінде 30-40-қа жуық қатысушыны жинады. Оқу аяғында қаржылық кеңес алу, бұғатталған банк шоттарын ашу бойынша мәселесі туындаған және несиеге белшесінен батқан, өмірлік қиын жағдайға тап болған қатысушылар саны 100-ден асты. Осы орайда жоба барысында көптеген жанұя мүшелерінің қаржылық сауаты артып, алаяқтарға алданбай ертенгі күнге сеніммен қарауға үлкен септігін тигізгенін атап өткім келеді. Оның ішінде қаржылық сауаттылығын арттырып, бизнес жобасымен грант алып мұғалімдік жұмысын тастап кеткен тұрғындарымыз да бар. Олар қазір өз кәсібін дөңгелетіп отыр. 2024 жылға жоспар бойынша 4000 адамды оқыту көзделіп отыр. Екі қала мен барлық аудандар және елді мекендер қамтылатын болады,- деді Нұрбек Қарасаев.
-Ауыл тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру» оқыту бағдарламасына берешегі бар адамдар, ағымдағы несиелері бар адамдар және мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын, жеңілдетілген несие алатын және жаңа кәсіп бастаған кәсіпкерлер қатысты,-деп атап өтті Маңғыстау облысы бойынша «Қарызсыз қоғам»жобасының қаржылық эксперті Руслан Елемесов.
Сонымен қатар, бағдарлама нәтижесінде тренингке қатысушыладың қаржылық сауаты артып, негізгі бағытта білім алатын болады.
-Қатысушылар қаржылық сауаттылықтың негізгі түсініктерін, қарыздар мен несиелердің пайда болу себептерін біледі. Сондай-ақ, отбасы бюджетін қалыптастыру жолдарын, оны жоспарлау мен бөлудің негізгі алгоритмдерін үйренеді.Несие алу ережелері және несиені қайтару процесінде мәселелердің туындау қауіпін азайту үшін несие қабілеттілігін анықтаудың маңыздылығын көрсетеді,- деді Маңғыстау облысы бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржылық эксперті Гульшат Кульжумирова.