Урбанизацияның әлемдік тренді Қазақстанда да байқалып отыр. Еліміздегі санақ қорытындысы бойынша қала тұрғындарының үлесі 5 пайыздық тармаққа өскен, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
Санақ бойынша қала тұрғындарының үлесі Қазақстан бойынша 56,1%-дан 61,2 пайызға дейін өскені байқалады. Ал ауыл халқының үлесі 43,9%-дан 38,8 пайызға дейін азайған.
Қазіргі уақытта елімізде қала халқының саны 2,7 миллион адамға артып отыр. Жалпы соңғы 12 жыл ішінде қала халқының ең жоғары өсімі еліміздің 6 өңірінде байқалады. Оның ішінде Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарында бұл көрсеткіш жоғары екен.
Ең жоғары урбанизацияланған аймақ ретінде Қарағанды облысы көш бастап тұр. Өңірде халықтың 80 пайызы қалда тұрады (1 млн-нан астам адам). Республикалық маңызы бар қалалардың ішінде Астанада 1,23 млн адам тұрады. 12 жыл ішінде елорда тұрғындарының саны 2 есе өскен. Ал Алматыда халық саны 2,03 миллион болса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 580,6 мың адамға арта түскен. Үшінші мегаполис саналатын Шымкент қаласының халқы 1,1 млн тұрғынға жетті. Статистикалық дерек бойынша мұндағы тұрғындар саны 381,6 мың адамға өсіп отыр.