Ақтау қаласындағы 27 және 28 шағын аудандардағы жасөспірімдердің жаппай төбелесіне қатысты бұған дейін Mangystaumedia.kz сайты материал жариялаған болатын. Кәмелет жасына толмаған жастар бір-біріне тас пен шөлмек лақтырып, кейін бұл оқиға тағы жалғасын тапқан еді.
Ақтау қалалық полиция басқармасы аталған іске қатысы бар деген күдікпен 15 және 18 жас аралығындағы 76 адамды ұстағанын мәлімдеді. 56 ата-анаға осыған байланысты ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша хаттама толтырылған.
Оның ішінде алты жасөспірім уақытша ұстау изоляторына қамалып отыр. Алдағы үш күн ішінде олардың тағдырын сот шешпек. Айыпталушыларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293 бабы бойынша іс қозғалды.
Бұл бап бойынша оларға 2 мың АЕК көлемінде (7 млн теңге) айыппұл салу я түзеу жұмыстарына тарту, 600 сағатқа қоғамдық жұмыстарды істеу секілді жаза қарастырылған. Сонымен бірге, екі жылға бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.