Маңғыстауда Ұлттық ауылшарушылық санағы бойынша пилоттық жоба өтеді. Ауыл шаруашылығы санағының мақсаты — ауыл шаруашылығының жай-күйі туралы өзекті ақпаратты жинау және елдің нақты аграрлық ресурстарын анықтау. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының МО бойынша департаменті басшысы Алтыншаш Исламова айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спикердің айтуынша, санақ субъектілеріне мыналар кіреді :
1. ауыл шаруашылығында қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар;
2. шаруа немесе фермер қожалықтарын қоса алғанда, жеке кәсіпкерлік субъектілері;
3. жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскелері бар және ауыл шаруашылығы жануарлары бар үй шаруашылықтары
- Халық саны және көші-қоны бойынша 2024 жылғы 1 шілдеге Маңғыстау облысы халқының саны 795,9 мың адамды құрады, соның ішінде қалалықтар – 364,2 мың адам, ауылдықтар – 431,8мың адам. Еңбек және табыс бойынша 2024 жылғы I тоқсанда жұмыссыздар саны 18,3 мың адамды құрады. Жұмыссыздық деңгейі жұмыс күшіне қарағанда 5 пайызды құрады. 2024 жылғы 1 шілдеде жұмыспен қамту органдарында жұмыссыздар ретінде тіркелгендер саны 17 159 адамды құрады немесе жұмыс күшінің санына 4,8% болды, - деді Алтыншаш Исламова.
Сонымен қатар, МИКС ЮНИСЕФ өзінің 2023-2025 жылдарға арналған елдік бағдарламасында негізгі бастама ретінде мультииндикаторлық кластерлік зерттеудің 7-раундын өткізуді айқындады. 2022 жылғы қазанда Ұлттық статистика бюросы мен ЮНИСЕФ арасында 2024 жылы мультииндикаторлық кластерлік зерттеу жүргізу бойынша өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Қазақстанда бұл зерттеу барлық өңірлерді қамтиды. 10 000 үй шаруашылығы тексеріледі. Маңғыстау облысы бойынша 864 үй шаруашылығы, оның ішінде қалалық және ауылдық жерлер бойынша 432 үй шаруашылығы зерттеледі. Жұмыс 2024 жылдың қыркүйегінде басталады.