Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов 32Б шағын аудан тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар бірқатар мәселені қозғады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
32Б шағын аудан тұрғыны Жанат Шеркешбаева қоқыс мәселесін қозғады. Оның айтуынша, тұрғын үйдің астындағы және маңындағы коммерциялық нысан иелері қоқыстарын уақытылы алмайды.
-Тұрғын үй астындағы және үйімізге көршілес орналасқан коммерциялық нысандар қоқыс контейнерлері үнемі шашылып жатады. Қоқыстары уақытылы шығарылмайды. Бірнеше рет ескерттік. Осы мәселені қалай шешуге болады, - деді 32Б шағын аудан тұрғыны Жанат Шеркешбаева.
Қала әкімі бұл мәселені реттеу үшін тұрғын тарапынан тиісті басқармаларға шағым жолдау қажетін түсіндірді.
- Аталған мәселе бойынша тексеру және нұсқау беру үшін тұрғындардың шағымы керек. Шағымда дәлел ретінде фото немесе видео жіберуіңіз қажет. Бұл шағымды сіз Ақтау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мен қалалық полиция басқармасына жолдайсыз. Қаланың тазалығы бәрімізге ортақ, - деді Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов.
Сондай-ақ, қала әкімі қызмет көрсетуші мекеме өкілдеріне (ПИК, МИБ) тұрғын үй жертөлесіндегі жылу тораптарын тексеріп шығуды тапсырды.
- Тұрғындар тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекеме өкілдерімен тығыз байланыста болуы керек. Жылыту маусымына дайындықты күшейту қажет. Қызмет көрсетуші мекеме өкілдері тұрғын үйдің жертөлесіндегі жылу тораптарын тексеріп шығыңыздар. Сорғы, құбырлар мен вентильдерді ауыстыру қажеттілігі туындаса, қажетті шараларды қабылдаңыздар, - деді қала әкімі Әбілқайыр Байпақов.