Шетпе ауылының тұрғыны, қолөнерші, ұлттық мұраны дәріптеуші Күміс Қосбай Түркия елінде өткен İstanbul Büyükçekmece халықаралық фестиваліне қатысып келді. Ол әлемнің 75 мемлекетінен келген қолөнер шеберлері қатысқан фестивальге арнайы шақырту алған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
- Бұл шараға Қазақстаннан екі қолөнерші барды. Маңғыстау облысынан мен және Семей қаласынан Сейілгүл Асхан есімді шебер қатысты. Мен фестивальге өрмекті апардым. Киіз үйге тоқылатын бауды апарып, өрмек тоқудан шеберлік сағатын өткіздім. Қызығушылар көп болды, көпшілік қолындағы телефондарына бейнетаспаға түсіріп, өздерінің сұрақтарын қойып жатты. Шара «Көне сарай» деген жерде өтті. Қатысушылардың қатарында әйел адамдар болды, бірақ Түркияның ер-азаматтары ерекше мән беріп қарап, қылыш, адарғы деген не, өрмекке қанша келі жіп кетеді, жіптің ұзындығы қандай болады деп сұрап, жазып алғандар болды. Қатысушылардың ішінде зейін қойып, білуге құштар болған студент жастар да кездесті, - дейді Күміс Әбдіқызы.
Мәдениет және өнер шарасына арнайы қатысып келген Күміс апай фестивальдің жоғары деңгейде өткенін айтты.
- Мен 2018 жылдан Қазақстан қолөнершілер одағына мүшемін. Бұған дейін түрлі фестиваль, көрмелерге қатысып жүрмін. Осы жолы Түркия мемлекетіне арнайы бардым. Алған әсерім ерекше, түріктер өте бауырмал, қонақжай, мейірімді, кішіпейіл халық екен. Фестиваль барысында Ыстамбұл қаласының мэрі де арнайы жол бастап, жанымызда жүрді, - дейді ол.
Бұдан бөлек шебер жан-жақтан келген таланттарға Түркияның қолөнер шеберімен бірлесіп, киіз басу өнерін де үйреткен.
- Қазақстан қолөнершілер одағының президенті Айжан Беккулова киіз басудан сабақ өткізу туралы ұсынысын айтты. Сол жерде шиге жүн салып, су құйып басып, киіз шығардық. Бұл мастер классқа қатысқандарда көп нәрсе үйреніп кетті деп ойлаймын. Жалпы алғанда, әлемнің түкпір-түкпірінен қатысқан шеберлер өздерінің мәдениеттерін сипаттайтын заттарды паш етті, әрқайсысы ерекше, көз сүйсінетін дүниелерді көрсетті, - деді Күміс Қосбай.