Маңғыстау ауданының әкімі Ғалымжан Ниязов мектепті «Алтын белгімен» аяқтаған түлектерді қабылдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
- Құрметті мектеп бітіруші түлектер бүгінде ұлағатты ұстаздардың білім беруімен, ата-аналардың қолдауымен үлкен азамат болып, болашаққа қадам басқалы тұрсыздар. Бүгін сіздерге «Алтын белгі» төсбелгісін тапсырамыз. Еңбектеріңіз ақталып, «Алтын белгі» иегері атанғандарыңыз құтты болсын. Болашаққа басқан қадамдарыңызға сәттілік тілеймін. Қалаған мамандықтарыңыз бойынша біліп алып, жақсы маман иесі болуларыңызға тілектеспін, - деді аудан әкімі.
Кездесуде №6 М.Атымов атындағы мектептің түлегі Нұрсәуле Жүсіп өз алғысын білдірді.
- Біздің тұлға болып қалыптасуымызға білім мен тәрбие жолында үлес қосқан ата-анамызға, ұстаздарға зор ризашылығымды білдіремін. Ғалымжан Мұқырұлы кездесуге арнайы шақырып, құрмет көрсеткендеріңізге алғыс айтамыз. Құрметті ұстаздар, білімді шәкірттеріңіз көп болсын. Қиын да қызықты еңбектеріңізге табыс, ауданымызға серпінді даму тілейміз, - деді түлек.
Айта кетейік, биыл ауданда 422 түлек мектеп бітіріп, оның 410-ы ҰБТ тапсырды. 15 түлек «Алтын белгіге» қолжеткізді. №6 М. Атымов атындағы мектептің түлегі Нұрсәуле Жүсіп ҰБТ-дан облыс бойынша ең жоғарғы 137 ұпайды жинап, көш бастады. Сонымен бірге аталған мектеп «Үздік ауыл мектебі» қатарына енді.