Маңғыстау ауданының әкімі Ғалымжан Ниязов аудан депутаттарымен бірге «Тиген-Тасмұрын» газ құбырының құрылысымен танысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Газдандыру аудан тұрғындары үшін аса өзекті мәселе. Себебі ауданға қарасты шағын ауылдардың жері шұрайлы, егін егуге қолайлы. Бұрын егін егілген сулы, нулы аумақтарда газ желісі тартылса, жылыжайлар салып, өнім өндіруге мол мүмкіндік болмақ.
Аталған газ құбыры құрылысы Мәстек жеріндегі газ тарату пунктінен (ГРП) басталады. Мердігер "СМК-4" ЖШС мекемесі өкілінің айтуынша, 12 шақырым жерасты шұңқыры қазылып, 5,2 шақырым тұрба құбыры көмілген. Қаржы толық бөлінсе, жұмысты уақытылы аяқтайды.
Тартылатын газ құбырының жалпы ұзындығы - 50 шақырым, жұмыстың құны - 1 млрд 111 млн теңге. 992 млн қаражат республикалық бюджеттен бөлінді.
Айта кетейік, аудандағы газ құбыры 971 шақырым. Былтыр басталған 15 бекетке 28 шақырым газ құбырын жүргізу жұмысы жақында аяқталады. Осы жұмыстар аяқталған соң ауданға толық газ беру жұмысы аяқталады.