Қарақия ауданының орталығы, Құрық ауылының 11 мыңға жуық халқы бола тұра, жастардың екі топқа бөлініп, қақтығысуы бірнеше жылдан бері қайталанып келеді. Бұл туралы Қарақия ауданының прокуроры Аманжол Айтуғанов айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Прокурордың айтуына қарағанда, жақында ауылдың 2001 және 2005 жылы туған жастары жаппай топтасып төбелескен.
«Бұл фактілер бойынша, полициямен атыс қаруын қолдану арқылы адамдар тобы болып бұзақылық жасау, адам ұрлау деректерімен қылмыстық іс тіркелді. Аталған төбелес салдарынан ауыл жастарының денсаулығына зиян келді. Бұндай жаппай құқықбұзушылыққа жол берілмейді. Қазір күдіктілер анықталды», - дейді Аманжол Айтуғанов.
Аманжол Айтуғанов осыған дейін ата-аналардың, жастар орталығының, ауыл белсенділері мен спортшылардың қатысуымен бірнеше кездесулер өткізіліп, жиында топтасып төбелесуді тоқтату керектігі айтылған. Алайда нәтиже шықпағанға ұқсайды.
«Құрметті ата-аналар балаларымыздың болашағы үшін сіз және біз болып, ауыл көлемінде болып жатқан төбелесті тоқтатуымыз қажет. Ауыл – бәрімізге ортақ.
Құрметті ауыл жастары. Қазіргі заманда топтасып төбелесу арқылы мәселе шешілмейді. Өңіріміздің басқа ауылдарындағы бұндай келеңсіз жағдайлар әлдеқашан жойылған. Керісінше, өзіңізге қарсы заңмен көзделген қиындықтарды тудыртып, болашағыңызға балта шауып жатырсыз. Сондықтан қоғамдық құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында ауыл көлеміндегі келеңсіз жағдайларды, жаппай төбелесті, топтасып бөлінуді және қасақана денсаулыққа зиян келтіру әрекеттерін тоқтатуға шақырамын, - дейді прокурор.