Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы сауда және туризм салалық кеңесінің үйлестірушісі Гүлнара Желдібаева туризмді дамыту тақырыбында өткен көпшілік тыңдауда өңірдің туризм саласын сынға алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Гүлнара Желдібаева Ақтаудың қоғамдық орындарындағы дәретханалардың үнемі жабық тұратыны – өңірдің туристік әлеуетіне нұқсан келтіреді деп отыр. Ал туристік полиция қызметінің жоқтығы – қала қонақтарының қауіпсіздігіне әсер ететінін айтты. Сондай-ақ демалыс базаларының маңында полиция мен медициналық бекеттерінің болмауын сынады.
- Жағажайдағы бар дәретхананың өзі жабық тұрады. Бұл біздің өңірдің тұрмыстық тартымдылығын төмендетіп тұр. Мұны туристер әлеуметтік желіден көріп-біліп отырғаны белгілі. Мәселен 15 шағынаудан жағалауындағы дәретхана қараусыз қалған. Ал туристердің судағы қауіпсіздігі сақталмаған. Өйткені көліктік бақылау инспекциясында судағы көлік құралдары жоқ. Одан бөлек туристік полиция жоқ. Демалыс базалары ауданында полиция үшін стационарлық бекеттер, өрт сөндіру депосының медициналық бекеттері жоқ. Ал халық оқыс оқиға бола қалса қайда жүгінеді?, - деді Гүлнара Желдібаева.
Сондай-ақ ол жиын барысында салалық кеңес қызметі алаңында бас-аяғы 1 жарым жылда 12 отырыс өтіп, туризм саласындағы бірқатар мәселе анықталғанын айтты. Оның сөзінше, сауда және туризм салалық кеңесінің 2023 жылдағы отырыстар қорытындысы бойынша 12 негізгі мәселенің екеуі ғана шешімін тапқан. Ал 2 мәселе бойынша құзырлы органдар тарапынан бас тартылыпты. 8 мәселе бойынша әлі жұмыс жүріп жатыр.
Бас тартылған екі мәселе туризм саласындағы кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларына қатысты болып отыр.
- Туризм саласында 7 қолдау шарасы бекітілді, бірақ 2023 жылы өңірдің бизнесі үшін бұл шаралардың ешқайсысы пайдаланылмады. Себебі комиссия кеш құрылды. 2024 жылы келіп түскен 4 өтінімнің ішінен туризм құрылысын субсидиялауға 277,2 млн теңге сомасына 3 өтінім мақұлданды. Алайда, туристік саланың бизнесі арасында мемлекеттік қолдау шаралары бойынша хабарландыру мен түсіндіру жұмысы аз жүргізіледі, - деді ол.
Бұдан бөлек қала сыртындағы, елдімекеннен жырақ орналасқан нысандарға электр энергиясы үшін тариф құнының екі есе өскені қиындық тудырып отырғаны айтылды. Мәселен, Сартас, Көгез демалыс орындары қиын жағдайға тап болып отыр.
- Бұрын мұндай нысандарды газ баллондармен жылытуға рұқсат бар еді, алайда 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап тыйым салынды. Ал енді бұл орталықтарды тоқпен жылыту мүмкін емес. Өйткені тариф құнына байланысты шығатын айлық төлемді тіпті туристер де ақтамайды, - деді Гүлнара Желдібаева.
Ал жергілікті деңгейде шешімін таппаған мәселелер былтыр күзде Сүйіндік Алдашевтың төрағалығымен өткен ҚР Парламенті Сенатының кеңесіне шығарылған. Бұл кеңесте шағын көлемді туристік кемелерге ірі тоннажды флотқа белгіленген талаптарды қолдану, демалыс орындарына тамақпен және сусындармен кіру, тұрғындардың теңізге жеке меншіктегі жер учаскелері арқылы өтуі талқыланған.