Қызылтөбе ауылының 50 жылдық мерейтойына орай ат шабыс өтті. Бәйгеге өңірдің түкпір-түкпірінен келген шабандоздар жиналды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Жарыс Батыр ауылдық атшабарында ұйымдастырылды. Оны тамашалауға келген халықтың қарасы да қалың болды.
Бәйгені МО Ұлттық спорт бәйге федерациясы Мұнайлы ауданы әкімдігімен бірлесе ұйымдастырды. Федерацияның басшысы Ахат Жұмажановның айтуынша,
шабандоздар аламанда - 27 шақырымда, құнан бәйгеде - 12 шақырымда, тай мен жабыда - 6 шақырымда бақ сынасқан. 80-нен астам қатысушы көрші Атырау облысынан және Маңғыстаудағы Бейнеу, Мұнайлы, Түпқараған, Маңғыстау ауданы мен Жаңаөзен қаласынан келген.
Жарыстың салтанатты ашылуына аудан әкімі Ержан Күмісқалиев, аудандық мәслихат төрағасы Берік Біләлов және қоғам белсенділері қатысып, атшабарларға сәттілік тіледі.
- Қызылтөбе ауылының 50 жылдығы құтты болсын! Бүгін міне, мерейтойға ұйымдастырылған шараның шымылдығы ат шабыспен ашылды. Атбегілік атадан қалған кәсіп. Қазір жастарымыздың арасында тай жаратып, жылқы баптауға ден қойғандар қатары көбейіп келеді. Жалпы ұлттық спортты дамыту жастар үшін маңызды іс. Бүгінгі өткізіліп отырған құнан бәйге де осының айғағы,-деді аудан әкімі Ержан Күмісқалиев.
“Аламан” бәйгеде 24 ат жарыс жолына шықты. Бейнеу ауданының тұрғыны Жалтөре Оңғарбаевтың “Аққайнар” атты жылқысы мәре сызығын бірінші кесті (1 млн тг). Екінші орынды Қызылтөбе ауылының тұрғыны Ақбергеннің “Торыла аяқ” атты тайы еншіледі (500 мың тг.). Үшінші болып Жаңаөзеннен келген Есенбатырдың “Таңшолпан” атты тайы келді (300 мың тг).
- Аламан додада жүлде алып жүрген аттар қосылды. 1-орын бұйырып, қомақты қаражатты иелендік. Өзім Манаш мектебінде сабақ беремін, ат баптау - қосымша ісім. Жас кезімнен әкемнен келе жатқан өнерім. Бұрын “Қамқор” деген сәйгүлігіммен түрлі жүлдені иелендік. Осы жылқымды былтыр Ресейден алдырып, баптадым. Енді Қызылсай ауылының мерейтойына қоспақпын. Балам шабандоз. Тақымы талмасын, - деді жеңімпаз Жалтөре Оңғарбаев.
Ал құнан бәйгеде алдына қара салмай дара шапқан Анарбектің “Мадам Сьюзи” атты сәйгүлігі 1-орын (500 мың), 2-орынға Иніліктің “Байторы” атты сәйгүлігі (Бейнеу ауданы, Сам ауылы, 300 мың), 3-орынға Ақтаудан келген Рахымның “Элегантная” аты ие болды. (200 мың);
Гала концертте женімпаздар марапатталып, Алғыс хат пен қаржылай сыйлықтар берілді.