Мұнайлы ауданы әкімі Ержан Күмісқалиевтың қатысуымен салтанатты шара өтті. Шара барысында ауданның әлеуметтік - экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азамат «Қызылтөбе ауылына 50 жыл» мерекелік медалімен марапатталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Шара шымылдығы “Қара шаңырақ - Қызылтөбе” атты деректі фильммен ашылды.
Салтанатты шарада аудан әкімі Ержан Күмісқалиев сөз сөйлеп, тұрғындарды мерейлі мерекемен құттықтады.
- Қызылтөбеге алғашында теміржолшылар мен жұмысшы топ қана қоныстанып, кейін қандас ағайынмен халық саны өсті. 50 жыл тарих үшін тым аз болғанымен, жергілікті жұрт үшін ұрпаққа аманат алтын ғасыр. Соңғы жылдарда Қызылтөбе ауылындағы халық саны өсті. Тәуелсіздік жылдары Қызылтөбеде 2 мыңнан астам адам тұрса, қазіргі таңда 31 мыңнан астам тұрғынға көбейді. Ауыл ажары жыл өткен сайын айшықтанып, бірнеше әлеуметтік нысан бой көтерді. Қазіргі таңда елді-мекенде 5 мектеп, 10 балабақша, 3 дәрігерлік амбулатория бар. Сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстанған жастар көбейіп келеді. 5 мыңнан астам оқушы күрес, дзюдо сияқты спорт түрлерімен белсенді айналысады. Спорт саласы бойынша мектептерде 4 спорт зал бар және жеке меншік «Ибраһим» спорт кешені ашылған. 50 жылдыққа орай биыл «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында Құбыла, Балауса көшелері мен Болашақ, Есір Мәтжан, Шабай, Нұрым, Алшын, Қосымбаев, Мыңбаев, Құлбарақ, Сүгір, Тобанияз, Досан көшелерінің ауылішілік жолына жалпы ұзындығы 11,4 шақырым асфальт төсеу жоспарланды. Бүгінгі таңда Балауса көшесіне 2,9 шақырым асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта ауылды сумен қамтуды толықтай құбырмен жүзеге асырмақпыз. Жолдарды асфальттау, жарықшамдар орнату жұмыстары да көз ілеспей жасалып жатқан жұмыс, - деді аудан әкімі Ержан Күмісқалиев.
Айта кетейік, салтанатты шараға сала ардагерлері, қоғам қайраткерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.