Каспий теңізінде адамдарды құтқарған теңізшілерді Ақтау портында әскери үрмелі аспаптар оркестрімен салтанатты жағдайда қарсы алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының міндетін уақытша атқарушы 1-дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков Қорғаныс министрі атынан кеме командирі Нұрбек Талғатқа және жеке құрам мен барлық экипажға көрсеткен кәсібилігі үшін алғысын білдірген.
Сондай-ақ штурмандық жауынгерлік бөлім командасының старшинасы аға матрос Әзімхан Әмірхановқа грамота мен бағалы сыйлық табыс етілген.
«Жоғалған адамдардың орнын тез және дәл анықтауға оның гидрометеорологиялық жағдайды түсіндіру және техникалық құралдармен сенімді жұмыс істеу қабілеті көмектесті. Радиолокациялық станцияның көмегімен теңіз секторын зерттегеннен кейін ол теңізде жоғалған адамдарды іздеп тапты», - деп жазылған хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, жоғалған спортшылар туралы хабарлама әскери-теңіз базасының командирі 2-дәрежелі капитан Бауыржан Мұратұлынан сағат 20.00 шамасында келіп түскен болатын. Төрт сағаттан соң жоғалған спортшылар кемеге көтерілді. Олар жағалаудан 5-6 миль қашықтықтағы "Жартасты" мүйіс аймағынан табылды.