Ақтаудағы №60 бөбекжайына NCOC компаниясының демеушілік және қайырымдылық бағдарламасы аясында балаларға арналған ойын алаңы орнатылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараға Ақтау қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Тоты Күлметенова, NCOC компаниясының өкілдері және ата-аналар қатысты. Балалар ойын алаңының лентасы қиылып, балабақша ұжымына салтанатты түрде тапсырылды. Бөбекжай басшылығы мен ата- аналар демеушілерге ризашылықтарын білдірді.
- Балалар - еліміздің болашағы. Олардың сапалы білім мен тәрбие алуы үшін ұстаздар мен ата-аналар еңбек етіп келеді. Ерекше балаларға да инклюзивті білім берілуде. Қазіргі таңда қала бойынша мектептерде 600-ге жуық ерекше бала білім алуда. Оларға логопед, дефектолог, психолог мамандар қызмет көрсетеді, - деді Тоты Күлметенова.
Сонымен қатар, Ақтау қалалық білім бөлімінің мәліметіне сәйкес, NCOC компаниясының демеушілігімен қалада С. Мұқашев атындағы №16 мектепте инклюзивті кабинет жабдықталды. Ерекше балаларға арналған мұндай кабинеттер жаңа оқу жылында №5 және №20 мектептерде NCOC компаниясының демеушілігімен ашу жоспарланған.