Каспий құбыр консорциумы (КҚК) Қара теңіздегі қолайсыз метеожағдайға байланысты мұнай тиеуді тоқтатты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Кazinform-ға сілтеме жасап.
Ауа райына байланысты ескерту бірнеше рет жарияланғандықтан КҚК оны қатаң сақтайтынын мәлімдеп отыр.
«КҚК Теңіз терминалында мұнайды тиеу өнеркәсіп және экологиялық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып, жағалау сызығынан 5 шақырым қашықтықта орналасқан созылып жеткізілетін айлақ қондырғылары (САҚ) арқылы жүзеге асырылады. Аталған САҚ конструкциясы қолайсыз күн райы жағдайында, мұнай құюдың дәстүрлі құрлық жүйелері операцияларды тоқтатуға мәжбүр болған кезде мұнай тиеуге мүмкіндік береді», - делп жазылған консорциум таратқан ақпаратта.
Қазіргі кезде Ресейдің Новороссийск ауданында өте қолайсыз метео жағдай болып жатыр. Жел екпіні 22-24 м/с (79,2-86,4 км/сағ), толқын биіктігі – 6-8 метрге жеткені байқалып отыр.
Аталған теңіз порт Қазақстан үшін де аса маңызды. Себебі, мұнайлы өлкелерден өндірілген қара алтынның елеулі бөлігі Новороссийск арқылы Еуропа елдеріне жол тартады.