Маңғыстауда 2023 жылдың 20-30 қараша аралығында республикалық “Құқықтық тәртіп” кең ауқымды операциясы өткізілуде, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық ПД-ға сілтеме жасап.
Рейдтік іс-шараның басты мақсаты – құқық бұзушылықтар мен қылмыстың және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жолын кесу, вандализм, мүлікті бүлдіру, ұсақ бұзақылық деректерін анықтау, жол қозғалысын қадағалау.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, қазіргі уақытта алаяқтықтың көп тараған түрі – интернет алаяқтық. Яғни, әлеуметтік желілерді пайдалану арқылы халықты салым салу жолымен ақшаны еселеп қайтарып алуға үгіттеп, қызықтыру.
- Сондай-ақ «OLX», «Instagram», тағы басқа желілер арқылы жалған жарнамалар жариялап, уақытша ашылған есеп шоттарға ақша аударымдарын жасату фактілері де бар. Аталған қылмыстың құрбаны болудан сақтану жөнінде қанша түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен, тұрғындар салым салу арқылы оңай олжа табу, басқа өңірлерден арзан затқа қол жеткізу мақсатында ақша аударымдарын жасап, алаяқтардың тұзағына іліну фактілері толастамай, үдей түсуде.Алаяқтың арбауына берілмей, сергелдеңге түсуден сақтану өз қолыңызда!- делінген департамент хабарламасында.
Айта кетейік, құқықтық тәртіп және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылған полицияның кешенді күштерінің саптық жиынына қала депутаттары мен азаматтық қоғам өкілдері, еріктілер де қатысып, тиісті нұсқамалар бойынша күшейтілген режимде жұмыс істеуде.