Биыл Қарақия ауданында 400 жас «Жасыл ел» бағдарламасы аясында маусымдық жұмыспен қамтылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бағдарламаның мақсаты - көгалдандыру, абаттандыру арқылы жазғы демалыс маусымында жастарды еңбекпен қамтамасыз ету. Сәйкесінше, жастар арасындағы жұмыссыздықты төмендету. Сонымен қатар жастар арасында экологиялық тәрбиені насихаттау. Жастардың Отанға, жерге, табиғатқа деген патриоттық сезімін ояту.
«Жасыл ел» бағдарламасын іске асыру мемлекеттік жастар саясатының негізгі басым бағыттарының бірі. Еңбекші жастардың алғашқы жұмыс күнінде аудан әкімі Сымбат Төретаев жастарға ауылдың гүлденіп өркендеуіне шын ықыласпен еңбек етуіне, алға қойған жұмыс жоспарларын сәтті жүзеге асыруға сәттілік тіледі.