Ақтауда 3 маусым күні «Жер-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Оқу-жаттығудың саптық көрсетіліміне Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали және Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Мұханов қатысып, азаматтық қорғау қызметтері мен құрылымдардың дайындығын тексерді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығудың саптық көрсетіліміне 143 қызметкер мен 63 техника жұмылдырылды. Жер сілкінісі кезінде көрсетілетін қызметтерге дайын құрылымдар қатарында сауда және тамақтандыру қызметі, жанар-жағармай, құлақтандыру және байланыс, полиция қызметі және өрт сөндіру қызметтері бар. Саптық көрсетілім барысында Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали сөз сөйлеп, төтенше жағдай кезіндегі байланыс қызметінің маңыздылығын атап өтті.
-Төтенше жағдай кезіндегі ең маңызды мәселе бұл байланыс қызметі. Қажетті ақпарат жедел түрде жету үшін осы мәселені қадағалау қажет. Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу қызметтер мен құрылымдардың дайындығын пысықтауға бағытталған. Барлық техникалар мен құрал-жабдықтар сақадай сай болуы қажет, - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали.
Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу жыл сайын өткізіледі. Ақтау қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Қабілет Ещановтың айтуынша, жер сілкінісі кезінде болуы мүмкін төтенше жағдайларға барлық азаматтық қорғау қызметтері мен құрылымдар дайын.
- Оқу-жаттығудың басты мақсаты - төтенше жағдайлардың алдын алу, оларды жою және азаматтық қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру. Шара барысында жер сілкінісі кезінде болуы мүмкін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға қызметтердің дайындығы тексерілді. Шара барысында құлақтандыру жүйесі, азаматтық қорғау қызметтері мен құрылымдары жедел штабының жұмысы нақтыланды, - деді Ақтау қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Қабілет Ещанов.