Қуғын сүргін құрбандарын еске алу күніне орай қаламыздағы Достық үйінде зұлмат жылдары еңсесі езілген елі үшін Кеңес үкіметінің сұрқия саясатына қарсы шыққан, Адай көтерілісінің қолбасшысы Мырзалы Тілеумағамбетұлының 130 жылдығына орай дөңгелек үстелотырысы өтті.
Жиынға жиналған маңғыстаулық ақсақалдар, қоғам белсенділері, қуғын сүргін құрбандарын ақтау комиссиясының мүшелері қатысып, Адай көтерілісінің тарихтағы орны, көтеріліске атысқан тұлғаларды зерттеп, зерделеу жұмыстарының нәтижесін, Мырзалы Тілеумағамбетұлы туралы деректер айтты. Шара басында ашаршылық пен саяси қуғынға ұшырған ата бабаларымыздың рухына құран оқылып, дұға бағышталды.
Мұнан соң саяси қуғын -сүгін құрбандарын толық ақтау мәселелері жөніндегі комиссиясының жобалық офисінің сарапшысы Нұржігіт Хайруллаев баяндама оқып, 1931 жылғы Адай көтерілісін бастап шыққан, халық батыры Мырзалы Тілеумағамбетұлының өмірін, кеңес билігіне қарсы күрес жолындағы ерліктері мен шайқас туралы кеңінен мағұлмат берді.
«24-25 маусым күні «Қараған Босаға құдығынан 12 шақырым жерде Мырзалы хан бастаған көтеріліс аламандары мен ОГПУ ге қарасты 68-дивизионның жазалаушы отряды арасында 2 тәулікке созылған шайқас болды. Көтеріліс аламандарының саны 450-500 (кей деректерде 750) болса, ал жазалаушылар отряды 3 станокты, 2 қол пулеметтерімен,40 мың патронмен жабдықталып, мұздай қаруланған 140 адамнан тұрды. Адам саны көп болғанымен қаруы әлсіз көтерілісшілер пулемет оғына еш шара жасай алмайды. Бұл шайқаста қызылдар тарапынан 12 мың пулемет оғы атылған. Біз істерді зерттеу барысында Босаға жерінде Мырзалы ханмен қосқанда 6 адам оққа ұшқанын анықтадық. Шежірелерді ақтарып, ру ақсақалдарымен кеңесіп, олардың кімдер екенін, жеке басын зерттеп таптық»,- деді өз баяндамасында Нұржігіт Нұрболатұлы.
Әрі қарай сөз алған «Маңғыстау мемлекеттік тарихи мәдени қорығының» директоры, өлкетанушы Нұрлан Құлбаев Адай көтерілісінің өзі Қазақстан тарихында тиісті орнын алмағанын, көтеріліс басшылары да, қатысушылары да толық зерттеуден өтпегенін баяндады. Сондай-ақ оларды дәріптеу, олар туралы еңбектерді жарыққа шығару жұмыстары да жоқтың қасы екенін айта келе зерттеу тобының мақсаты - көтеріліс туралы кең көлемде жұмыстар істей отырып, олар өткен жолды дәріптеуге күш салуды жолға қоюды ұсынды. Тарих ғылымдарының кандидаты Аягөз Нұрманова саяси қуғын үргін құрбандарын 1950-1990 жылдар аралығында ақтау мәселесі туралы, посткеңестік елдердегі тоталитарлық жүйенің қалыптасуын, тәуелсіздік алғаннан кейінгі толық ақтау процестерін жүзеге асыру жұмыстары қалай жүргенін, мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен жергілікті өңірлерде құрылған жұмыс комиссиясының жұмыстары туралы айтты.
Жиынға арнайы келген Мырзалы Тілеумағамбетұлының немере туысы Жалғасбай Балмағамбет өз өмірінен сыр шертіп, әкесі айтқан естеліктермен бөлісті. Қызылимперияның қаһарлы қылышынан қорыққан әкелер өзтуыстары туралы тіс жарып бірдеңе деуге батпаған екен. Артынан ерген қараларының болашағын ойлаған болар, тіпті “Маңғыстау десе әкемнің төбе шашы тік тұратын еді”,- деді Жалғасбай Балмағамбет. Адайдың ақ киізге хан көтеріп, артынан ерген басшысы Мырзалы ханның қуғынға ұшыраған туыстары жайында, сондай-ақ, ол туралы сирек кездесетін мәліметтерді жинау барысындағы қиындықтарын баяндаған Жалғасбай Балмағамбет өңірде жасалып жатқан зерттеу жұмыстарының басы қасында жүрген, тынбай еңбек етіп, ұлт мұратын көздеген, ұрпаққа ұлағат қалдыруда аянбай қызмет етіп жатқандарға алғысын жеткізді.
Дөңгелек үстелге қатысқан өлкемізге белгілі ақын Сабыр Адай сөз алып, өткен күннің батырларын, олардағы елдік ұстаным мен қасық қаны қалғанша дұшпандарына бас имей өткені туралы ой толғады . «Намыстың сөзін сөйлеп,ардың ісін жасаған рухты аталарымыз туралы әлі көп сыр ашылған жоқ. Біз жыл сайын бұл күні оларды еске алып қана қоймай, сол жылдарда сұрапыл ғұмыр кешкен бабаларымыздың жауынгерлік, батырлық,қайсар мінездерін, олардың ұлт мүддесі үшін шайқасқанын, азаттық рухын аңсағанын, тәуелсіздік үшін жандарын пида еткенін түсінуіміз керек. Ел ішін ала тайдай бүлдірген кеңестік империяның кездігі қазақтың қай баласына сілтенбеді, бүкіл руханиятымызды аздырды. Біз осыны жастар санасына сіңіруіміз керек. Бұл ауқымды мәселе. Идеологиялық пайдасын алу керекпіз»,- деді ақын.
Сондай- ақ жиында Ақын Сабыр Адай “Мырзалы хан” деген кітабының тұсаукесер рәсімі жасалып, еңбектің біршама данасы жиналғандарға таратылды.
Анар Тобыш