Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев 19 шағынаудан №45-үйдің жанында үйілген қоқысты алып тастауды тапсырды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Маңғыстау облысының әкімдігі телеграм чатына» 19 шағынаудан 45/1, 45/2, 45/3, 45/4 үй тұрғындарының тарапынан қоқыс шығарылмағаны жөнінде шағым түсті. Осы мәселені шешу мақсатында Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев қоқыс шығарушы мекеме «Каспий Оперейтинг» ЖШС, тұрғын үйді күтіп ұстайтын «Нұреке сервис» пәтер иелері кооперативінің өкілі және қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысымен кездесті. Аталған тұрғын үйді күтіп ұстайтын «Нұреке сервис» ПИК пен қоқыс шығаруға жауапты мекеме арасында келіспеушілік туындаған. «Нұреке сервис» пәтер иелері кооперативінің басшысы Нұртілеу Жұматовтың айтуынша, қоқыс шығаруға жауапты «Каспий оперейтинг» мекемесі контейнерлердегі қоқысты уақытылы шығармайды екен. Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев пәтер иелерінің кооперативі мен қоқыс шығаруға жауапты мекемеге қала тазалығын сақтауда бірлесіп жұмыс істеу керектігін тапсырды.
Қала тазалығы бәріне ортақ. Сондықтан тазалыққа немқұрайлы қарамау керек. Кез келген шағынаудандағы «Пәтер иелерінің кооперативі» мен қоқыс шығаруға жауапты мекеме өзара бірлесіп жұмыс істесін. Тұрғындар да өз кезегінде қоқыс шығару үшін уақытылы төлем жасап отыруы қажет. Себебі қоқыс алатын мекеме де шығындарын өтейді, - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев.
Ал «Каспий оперейтинг» мекемесінің басшысы болса, тұрғындардың 500 мың теңгеге жуық қарызы бар екендігін жеткізді. «Нұреке сервис» ПИК болса, қоқыс толып кеткен жағдайда қоқыстарды тұрғын үйді салған мердігер мекеме «Казэлитсрой» компаниясы алып тастауға көмектесетінін айтты. Қазіргі таңда «Нұреке сервис» пәтер иелерінің кооперативі «Каспий оперейтинг» ЖШС-мен келісімшартты бұзып, «Соцсервис-А» ЖШС-мен келісімшарт жасаған. Енді аталған тұрғын үйдің қоқысын «Соцсервис-А» ЖШС мекемесі алады. 19 шағынаудан 45/1, 45/2, 45/3, 45/4 тұрғындары қоқыс алынбай жатқан жағдайда «Соцсервис-А» ЖШС хабарласа алады.
19 шағынаудан тұрғыны Жақсылық Мамедалиева қала әкімінің жұмысына сәттілік тілеп, аталған аудандағы өткір мәселе қоқыс екенін айтты. Қала әкімі Ұлықбек Тналиев тұрғынға кез келген уақытта тазалыққа қатысты мәселені «Маңғыстау облысының әкімдігі телеграм чатына» жазуды, сұрақтары болса өзіне тіке хабарласуды сұрады.
Ақтау қаласының әкімдігі шаһар тұрғындары мен қонақтарына қоршаған ортаға құрметпен қарап, қоқысты арнайы жәшікке тастауды сұрайды.