Маңғыстау өлкесіне Франция елінен келген туроператорлар жергілікті халықтың «Беташар» салтымен танысып, үйлену тойында қонақ болды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қоғамдық коммуникация орталығының хабарлауынша, Франция нарығында 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келген «4 Paralèlles 12 Méridiens» француз компаниясының басшысы Ольга Сансон ұлттық салт-дәстүрге қатысты өз пікірімен бөліскен.
- «Біз Маңғыстауға жергілікті әкімдіктің қолдауымен келдік. Басты мақсат - өлкенің тұмса табиғатын, көрікті жерлерін өз көзімізбен көру. Өздеріңіз білетіндей, барлық туристік саяхат 3 кезеңнен тұрады. Біріншісі, барған елдің халқы, салт-дәстүрімен танысу, екіншісі, тарихымен, ал үшіншісі табиғатымен, тарихи ескерткіштерін тану. Бұл үш бағыт қазақ елінде жүйелі жолға қойылған. Бүгін беташар дәстүріне куә болдым. Әдет-ғұрып — ұлттың мәдени қазынасы дер едім. Келіннің иіліп сәлем беруі, әр иілген сайын сәлем салуы, үлкенге құрмет көрсетуі бәрі де үйлесімді. Ерекшелігі — бабадан балаға, бағзыдан бүгінге жалғасын тауып жатқандығы. Ата-анасының, екі жастың бақытты жүзін көру — үлкен қуаныш. Сондай-ақ, мені өңірдің қазақы нақыштағы көздің жауын алар ұлттық киімдері қатты қызықтырды. Барлығы бір-бірінен өткен сұлу, - деді Ольга Сансон.
Той иесі Нұрия Умарованың төртінші ұлы үйленіп, келін түсірді. Ол қазақ халқының қонақжай дәстүрін дәріптеп, есте қалар ең әдемі кешке Франциядан келген туристерді арнайы шақырған.
- Қазақ - кең пейілді, дархан мінезді, жайдарлы халық. Біздің дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарымызды Франция елінен келген делегацияға көрсетуді ұйғардық. Әр отбасыда үйлену тойы үлкен қуанышпен дүркіреп өтетінін, келінді үлкен дайындықпен қарсы алатынын білсін дедік. Екі жас бақытты болсын, - деді Нұрия Умарова.