Ақтау қаласындағы 29 орта мектепте Құлсарыдан келген 8 бала бар. Олардың басым бөлігі мектеп жасына дейінгілер, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Соның ішінде егіз қыздар бар, олар үшінші сыныпта оқиды. Қазір онлайн оқып жатыр. Қалған балалар үш айдан 6 жасқа дейінгілер. Мектепте кішкентай балалардың демалысы ұйымдастырылған. Олармен дене шынықтыру мұғалімдері ойындар ойнайды, ал еңбек мұғалімдері мүсіндеу, сурет салу, дизайн жасаумен айналысады. Сонымен қатар, осы мектепте жұмыс істейтін логопед, психолог пен дефектолог мамандар ойын-сауық түрінде сабақтар ұйымдастырады.
«Ойынға негізделген сабақтарда ұсақ қол моторикасын, кеңістік ойлауын дамыту үшін қолда бар материалдарды, пирамидаларды, құрылыс жинақтарын, доптарды, шарларды, қарындаштарды, бояуларды пайдаланып, түрлі ойындар ойнайды. Сондай-ақ мамандарымыз аналарға балаларды дамытудың әдістерін үйретеді. Бізде өте тәжірибелі, жақсы логопедтер, дефектологтар мен психологтар бар», - дейді мектеп директоры Жайна Ізтұрғанова.