Маңғыстау аумақтық қорғаныс бригадасына резервте тұрған әскери міндеттегі 163 ер азаматтары шақырылып, су астында қалған Құлсары қаласына қажетті құрал-жабдықтарымен аттанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Аталған шара 2024 жылы 5 сәуірде Маңғыстау облысы әкімінің қаулысымен және бірлескен ҚР Қарулы күштері Қорғаныс министрлігінің генерал штабының келісімімен қабылданды.
Әскери қызметшілер Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласының халқына Маңғыстау облысының атынан көмек көрсетіп жатыр.Олар ауыл тұрғындарына су тасқынын алдын алу үшін су арналарын бұру және халықтың жеке мүліктерін қорғау бағытында көмек қолын созуда. Әскерилер су басқан аудандардан адамдарды эвакуациялауға атсалысады. Аталған жұмыстар үшін шатырлар, ыдыс-аяқтар, су цистернасы бөлінген. Сондай-ақ, сарбаздарды қажетті тамақпен қамтамасыз етуге арналған далалық ас үй мен әскери аспаздармен қамтылған.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, су апатына ұшыраған аудандардағы құтқару шараларына Қарулы Күштердің жеке құрамынан 700-ден астам адам, 20-дан астам әскери автокөліктер, сондай-ақ әскери авиациясының тікұшақтары мен әскери-көлік авиациясының ұшақтары жұмылдырылған.