Ақтау қаласында Оқушылар сарайының ұйымдастыруымен Құлсары қаласынан Ақтауға эвакуацияланған балаларға спорттық ойындар өткізілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Шараға Құлсары қаласынан эвакуацияланған 200-ге жуық бала қатысты. Қонжық кейіпіндегі аниматорлар балалармен би билеп, тақпақ айтып, қызықты сауалдар қойып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
- Аниматорлар бүлдіршіндер жүзіне күлкі үйірер жылы жүздесу ұйымдастыруға өздері ұсыныс білдірді. Орталықта түрлі бағытта үйірмелер мен спорт секциялары бар. Тәлімгерлер әр алуан ойындар өткізді, - деді Ақтау қаласындағы «Оқушылар сарайы» директоры Жанаргүл Жұмашова.
Сонымен қатар, шара барысында 4 баланың анасы құлсарылық Алмагүл Шудабаева эвакуация кезінде құшақ жая қарсы алған Маңғыстау жұртына ерекше алғыс білдірді.