Шетпе ауылында 126км жол бар, осыған дейін оның 45 шақырымына асфальт төселген. Ал биыл "95 жылдыққа 95 игі іс" жобасы аясында 34,7 км жерге асфальт төселуде. Бұл туралы аудан әкімі тілшілермен өткен жиында айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Аудан әкімінің айтуынша, ауылға асфальт төсеу жұмысы жыл соңына дейін аяқталмақ.
- Шетпе кенті Маңғыстау ауданының қара шаңырағы болып саналады. Мерейтой аясында ауылдағы ішкі жолдар мәселесі шешімін табуда. Сонымен қатар ауыл кіре берісіне "Қарашаңырақ" сәулеттік композициясының құрылысы жүргізілді. "Қарашаңытақтан" ауылға дейін жаяу жүргіншілерге арналған "Денсаулық соқпағы" атты жол салынды. Ұзындығы - 4км, бұл жол ауылдағы Маңғыстау аудандық орталық ауруханаға дейін жалғасады,- деді Маңғыстау ауданының әкімі Ғалымжан Мұқырұлы.
Бұдан бөлек журналистер Шетпедегі 2 қабатты көппәтерлі тұрғын үйлердің жөндеу жұмыстарымен де танысты. Мұндағы 22 үйдің, 4-іне жергілікті кәсіпкерлер жөндеу жұмысын жүргізіп берген. Ал қалған 18-і бюджет есебінен мердігер мекеме арқылы жөндеуден өтіп, шатыры ауыстырылды.
Дәл осындай үйлер Сайөтес ауылдық округінде де бар. 18 үйдің 3-і авариялық жағдайда деп танылған. Ауыл әкімінің айтуынша, қалған 15 үйдің жөндеу жұмыстары келесі жылға жоспарланды.
- Екі қабатты көппәтерлі ескі үйлердің жөндеу жұмыстарынан бөлек, ауылымызда биыл 200 орындық клуб құрылысы басталды. Сонымен қатр жаңа ойын алаңдары салынып, қолданысқа берілді. Аудандағы ең шалғай, әрі мәселесі ең көп ауыл – Сайөтес. Қазір түйіткілді тақырыптарды шешу бойынша түрлі бағытта жұмыс атқарудамыз. Мәселен 3,2 км кірме жол орташа жөндеуден өткізілуде, осы айдың соңына дейін асфальт құрылысы аяқталады. Ең бастысы – тұрғындар көптен күткен ауыл клубының құрылысы басталды,- деді Сайөтес ауылдық округінің әкімі Сабыржан Абдиев.