Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрында Маңғыстау облысының Құрметті азаматы Нұрнияз Мұхановтың 75 жылдығына арналған мерекелік кеш өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайт Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты шараға КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов, елімізге белгілі әртістер Лидия Кәденова, Бекжан Тұрыс, Тұңғышбай Жаманқұлов, Ғанипа Садықова, Қуаныш Оразғалиев, Ғабдрахим Жаңбырбаев, Бақытбек Алпысбаев, Сергей Әшімов, ақын Сабыр Адай және Ақұштап Бақтыгеерева қатысты.
Мерейлі кештің шымылдығы Нұрнияз Мұхановтың өнегелі өмірі, өнер жолында атқарған елеулі еңбектері туралы фильммен басталды.
Нұрнияз Мұханов Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының алғашқы директоры, театр іргетасын қалаушылардың бірі. Сондай- ақ, ол «Бекет Ата» және «Шопан Ата» кесенелерінің қалпына келтіруіне ерекше көңіл бөліп, атсалысқан Маңғыстаудың тарихы мен өнері жөнінде жазылған бірнеше кітаптардың авторы.
Кешке арнайы қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Нұрнияз Мұхановты мерейтойымен құттықтап, оның Маңғыстаудың, Қазақстанның мәдениетін дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
-Бүгін жартығасырлық еңбегі Маңғыстау тарихында ерекше орын алатын Нұрмұхан Мұхановтың 75 жылдық мерейтойын тойлаудамыз. 50 жыл бұрын облысымыздың өнеркәсібін дамыту үшін еліміздің түкпір-түкпірінен әртүрлі мамандық иелері келе бастаған еді. Осы топтың алдында Нұрнияз ағамызда осы өлкеге еңбек сіңіруге келді. Ол өнер жолындағы қажымас қайраты мен еңбеігінің арқасында бүгінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген тұлғалардың бірі.
Бүгінде ол мәдениеттің әртүрлі салаларында жарқырап жүрген жас таланттар үшін үлгі болар тұлғаға айналды, - деді Нұрлан Ноғаев.
Ұлықпан Жолдасов, Тамара Асар, Алтынбек Қоразбаев сынды атақты әншілер де өнер көрсетіп, кеш иесіне жылы лебізін білдірді.
Кештің құрметті қонағы атанған, елімізге белгілі өнер қайраткері Асанәлі Әшімов Нұрнияз Мұхановқа ақ тілегін арнады.
Сонымен бірге Н.Жантөрин театрының әртістері «Өмір жолы» атты пролог, «Қыз Жібек» спектаклінен үзінді ұсынды. Ал облыстық қуыршақ театрының әртістері ертегі сахналап, көрермен көңілін бір серпілтті.