Маңғыстау облысының мемлекеттік қызмет департаментінің хабарламасына сәйкес, өңірде президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу 1-30 қыркүйек аралығында өтеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау облысы Мемлекеттік қызмет департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұловтың айтуынша, үшінші іріктеудің ерекшелігі – мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескере отырып, мақсатты іріктеу жүргізу болмақ. Осылайша, кезекті іріктеу 6 негізгі сала бойынша жүзеге асырылады.
- Бұл инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау, сыртқы саясат және инвестициялар, экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру, әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам салалары,- деді ол өз сөзінде.
Сондай-ақ биыл үміткерлермен әңгімелесуді міндетті түрде салалық орталық органдар өкілдерінің қатысуымен өткізу тәжірибесі енгізілуде.
- Талаптарға сәйкес, іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді меңгеруі В1 деңгейінен төмен емес Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады. Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі болу үшін үміткерлер 6 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтуі тиіс. Кандидаттарды бағалау нәтижелері олардың жеке кабинетінде және кезең қорытындысы бойынша pkrezerv.gov.kz жарияланып, барлық азаматтар үшін қатысушылар туралы ақпарат қолжетімді болады,- деді Тоқтамыс Жұмағұлов.
Айта кетейік, 2019 және 2021 жылдары резервке алынған 350 адамның 264-і мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істейді, яғни, жалпы санның 75%-ы жұмысқа орналасқан.