Бейнеу ауданы, Боранқұл ауылының тұрғыны 20 күннен бері Халыққа қызмет орталығына әкесінің қайтыс болғаны жайлы құжатты тапсыра алмай жүргенін айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыс әкімінің телеграм арнасына шағымын жолдаған тұрғынның айтуынша, әкесі 26 мамыр күні дүниеден озған. 2 күннен соң әкесінің қайтыс болғаны жайлы құжатты тапсыруы керек болған. Алайда, Боранқұл ауылдық ауруханасы әкесінің өмірде жоғы туралы анықтаманы тіркемеген.
«Боранқұл ауылдық ауруханасының қызметкерлері әкемнің жеке құжатын тіркейтін бағдарлама жұмыс істемей тұр деді. Әліптің артын бағып, күтіп отырғанымызға 2 апта болды. Ал әкемнің қайтыс болғанына 20 күн болды. Біз осы құжатты күтіп, әкеміздің құжаттары мен жеке шаруаларымызды реттей алмай отырмыз», - дейді Перизат Сейфуллақызы.
Перизат Сейфуллақызы аудандық ауруханасының жұмысына көңілі толмайтынын, қажетті қызметтің дер уақытында көрсетілмейтінін айтты.
«Біздің елде тірі адамның шаруасы бітпейтініне көніп едік, өлген адамның да шаруасы бітпейді екен», - дейді ол.
Боранқұл ауылдық ауруханасының меңгерушісінің сөзінше, шағымданушыға әкесінің қайтыс болғаны туралы ақпарат қолма-қол берілген. Мамандар анықтаманы тіркеу тікелей «Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының» сайтына қатысты екенін, қазір ол сайт жұмыс істемей тұрғанын айтқан.