Маңғыстау облысында 2022 жылдың қорытындысы бойынша 218 966 адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚКО-ға сілтеме жасап.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров айтуынша науқастар өзі тіркелген емханаға қаралып, диагнозы анықталғаннан кейін тегін дәрі алады. Ол үшін анализ тапсырып, диспансерлік есепке тұрған. Содан соң, өзін емдейтін учаскелік немесе салалық дәрігерден рецепт алған.
-Науқастар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша жұмыс жасайтын дәріханадан тегін дәрі алуына мүмкіндігі бар. Рецепт пен жеке куәлігін көрсетсе болғаны, дейді Аманбек Жұмыров.
Тегін берілетін дәрілерді тек белгілі ауру түрлеріне шалдыққан адамдар ғана ала алады.
Оның ішінде:
-Қан айналым жүйесі ауруларына;
-Ас қорыту жүйесінің ауруларына;
-Қан, қан айналым органдарының аурулары және иммундық жүйеге қатысты ақауларына;
-Эндокриндік жүйе аурулары, тамақтанудың бұзылуы және зат алмасу процесіндегі өзгерістеріне;
-Сүйек-бұлшық ет жүйесінің және дәнекер тін ауруларына;
-Жүйке жүйесінің ауруларына;
-Мінез-құлық және психика жүйесіндегі ауытқулар;
-Жұқпалы және паразиттік аурулардың кейбір түрлері;
-Ісіктер;
-Тыныс алу органдарында кездесетін аурулар;
-Ағзалармен тіндерді ауыстыру операциясынан кейін;
-Несеп-жыныс жолдарында кездесетін ауруларымен ауыратын науқастарға беріледі.
Сонымен қатар, 18 жасқа толмаған қант диабетіне шалдыққан жасөспірімдер де инсулиндік помпа мен оған арналған резервуар, инфузиялық жиынтықпен тегін қамтамасыз етіледі. Ал қант диабетімен ауыратын науқастарға қалам-шприцке арналған инелер, инсулинге арналған таңбаланған бір реттік шприцтер мен қандағы глюкоза мөлшерін анықтайтын тест жолақтар мен нәжістегі кетондық денелерге арналған тест жолақшалары тегін беріледі.
-Көрсетілген ауруға шалдыққан науқастар тегін дәрі-дәрмекті ала алмаса, емхана басшылығына жүгіне алады немесе облыстық денсаулық сақтау басқармасына, Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Маңғыстау облыстық департаментінен көмек сұрай алады, - дейді Аманбек Жұмыров.
Айта кетейік, дәрі-дәрмекті айына бір реттен артық алуға болмайды. Сонымен қатар, дәрі саны емдеу курсына байланысты беріледі. Емдеу курсы ұзақ болған жағдайда дәрі-дәрімек үш айға есептеп беріледі.