Биыл Маңғыстаудың туризм саласында 325 мың қызмет көрсетілді. Оның ішінде, 290,9 мың адам ішкі туристер болса, 35 мыңға жуық адам — шетелдік туристер. Бұл туралы Маңғыстауға іссапармен келген ҚР Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
-Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша Маңғыстау облысында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі - 4,5 млрд теңге. Жылдың аяғына дейін бұл ресми көрсеткіштер өседі деген ойдамын. Өйткені, қазіргі таңда Маңғыстау өңірінде туристік қана емес, спорттық нысандар да іске қосылып жатыр. Сондай-ақ, 2023 жылдың 17-28 шілдесі аралығында Маңғыстау облысының гидтері мен экскурсия жүргізушілерін сертификаттау мақсатында 10 жұмыс күндік семинар-тренинг ұйымдастырылып, туризм саласындағы ғылыми санаты бар жоғарғы деңгейлі, халықаралық дәрежедегі маман-сарапшылар тартылып, 50 гид және экскурсия жүргізуші оқытылды. Сабақтарға үзбей қатысқан 45 тыңдаушыға гидтер мен экскурсия жүргізуші сертификаттары берілді. Сонымен қатар өңірде туризм саласы бойынша 2027 жылға дейінгі кезеңде 700-ден астам жұмыс орындарын құра отырып, жалпы сомасы 100 млрд теңгеге 13 жобаны іске асыру жоспарланып отыр, - деді Мирас Төлебаев.
Кездесу барысында өңірде су спорт түрлерін дамыту, спорт мектеп-интернатын салу және спортшыларды оңалту орталығын салу, қаражатты тиімді бөлу, алдағы олимпиада ойындарына дайындық пен спорт саласындағы бірқатар мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, жиында өңірдегі жазғы олимпиада ойындарына 200 күн қалса да бірде-бір лицензия жоқ екендігі айтылды. Вице-министр облыстағы олимпиадаға даярлау орталығындағы оқушылардың саны аз екенін және оны көбейту керектігін де тілге тиек етті. Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш аталған мәселелерді шешу бағытында жұмыстар жасалынатынын айтты.
-Алдағы уақытта өңірлік спортқа үлкен реформа жасағымыз келеді. Осы бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Келесі жылдың басында басқармаға қарасты мемлекеттік мекемелердің басшыларын, яғни директорлар мен оқу тәрбие жөніндегі орынбасарларын біліктілік деңгейін тексеру бойынша аттестациядан өткізуді бастаймыз. Егер біліктілік деңгейі қажетті дәрежеде болмаса, онда тиісті шаралар қабылданады. Бұның барлығы облыстағы спорт саласының дамуына жаңа серпін береді деген ойдамын. Себебі аттестациядан өткізу өңірімізде 2016 жылдан бері іске асырылмаған, - деді Мақсат Мұқаш.
Сондай-ақ басқосуда Мирас Қалиұлы министрлік тарапынан келер жылдың басында өткізілетін аттестацияның комиссия мүшесі ретінде білікті мамандарды жіберу ұсынысын қолдады.
Кездесу соңында Мирас Төлебаев жиын қатысушыларының сұрақтарына жауап беріп, тұрғындар мен туристік бизнес өкілдерін және спорт мектептерінің басшыларын жеке қабылдады.