Бейнеу ауданының Құрметті азаматы, ардагер спортшы 85 жастағы Фермебай Ережепов №114 сайлау учаскесінде дауыс берді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Сайлау - халықтық науқан. Алғаш рет елде аудан әкімін таңдауды халыққа тапсырды. Бұл - үкімет басшыларының халыққа қолайлы жағдай жасауы. Аудан халқының, жастарының сауаты өте жақсы. Сондықтан сайлауға келеді, белсенді түрде дауыс береді деп есептеймін», – дейді ардагер спортшы Фермебай Ережепов.
Айта кетейік, Фермебай Ережепов білім саласы мен аудан спортының дамуына зор үлес қосқан ардагер. Қажырлы еңбегі үшін «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Еңбек ардагері», «Ардагер спортшы» медальдарымен марапатталған. Бүгінде немере-шөбере сүйіп отырған ардақты ата, ауданның сыйлы ақсақалы.
Еске салайық, ауданда барлығы 30 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Дауыс беру сағат 20:00 дейін жалғасады.