Бейнеуде психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға арналған оңалту орталығының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Рахымжан Шалбаев, аудандық мәслихат төрағасы Ардақ Борашов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қанағат Назарханов және "Amanat" партиясы Бейнеу аудандық филиалының төрағасы Тұралы Жолышов қатысты. Сондай-ақ медицина саласының мамандары мен ардагерлері, бір топ ата-ана қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Бейнеу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Балаларға арналған оңалту орталығы қызметіне аудандық әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Жайдарлы» ҮЕҰ жетекшілік етеді. Мұнда аудандағы мүгедектігі бар 1,5 жас пен 18 жасқа дейінгі балалар қабылданып, оларға қызметтің барлық түрі тегін көрсетілетін болады. Орталық 2025 жылдың соңына дейін (3 жыл) оңалтуды қажет ететін 200 баланы қамтиды деп күтілуде.
- Бұрын бір мүшесінде кемістігі бар балаларды мүмкіндігі шектеулі балалар деуші едік. Енді оларды «Ерекше жандар» деп атаймыз. Себебі олар өзгеше қарым-қабілет иесі. Сондықтан әкімдік өкілдері, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері қолдау білдіріп, орталыққа көмектесуіміз керек!- деді Рахымжан Шалбаев.
Оңалту орталығында ем-дом қабылдап жүрген балалардың ата-аналары ұйымдастырушылар мен аудан әкімдігіне ризашылығын айтып, ниеттерін білдірді. Іс-шара барысында балалар ән айтып, күй тартты.