Ақтау және Қытай Халық Республикасының Ляньюньган қаласының арасында бауырластық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Имаммахмұт Шағырбаев, бөлім басшылары, әкімдік қызметкерлері мен Қытай елінен келген делегация мүшелері қатысты.
Жиын барысында Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Имаммахмұт Шағырбаев және Ляньюньган қаласының мэрі Син Чжэнцзюнь бауырластық меморандумына қол қойды. Меморандум қос портты қала арасында порт, логистика, көлік, экономика және сауда, білім және туризм саласындағы ынмақтастықты қамтиды.
-Құрметті делегация мүшелері, Ақтау қаласына қош келдіңіздер! Ляньюньган және Ақтау теңіз жағалауында орналасқан транспортты-логистикалық әлеуеті жоғары қала. Арадағы ынмақтастық қарым-қатынас мықты болатынына сенімдімін. Осыған дейін біз 2019 жылы «Kazakhstan Global Investment Roundtable» Қазақстандық жаһандық инвестициялар бойынша дөңгелек үстелде Ляньюньган қаласымен ынтымақтастық меморандумына қол қойған едік. Бұл меморандум аясында түрлі салалар бойынша өзара бірігіп жұмыс істейтінімізге сенімдімін,- деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Имаммахмұт Шағырбаев.
Тараптар екі қала арасындағы ынтымақтастықты нығайту және дамыту мақсатында достық қарым-қатынас орнатуға келісті. Құжат аясында қос қала бес жыл бойы өзара жұмыс жасайды. Ақтау мен Ляньюньган қаласы өзара ұйымдастыратын экономикалық, сауда және мәдени алмасулар сияқты iрi іс-шараларға қатысу үшiн бір-біріне делегациялар жібере алады.
-Қазақстан және Қытай Халық Республикасының арасында «Бір белдеу, бір жол» стратегиялық жобасының көмегімен сауда-экономикалық ынтымақтастық қалыптасты. Ляньюньган және Ақтау қаласындағы «Ақтау теңіз сауда порты» арасындағы байланыс қос елдің дамуына өз септігін тигізеді. Бұдан бөлек меморандум аясында ауыл шаруашылығы, туризм және сауда, экономика салалары да дамиды деп есептеймін, - деді Ляньюньган қаласының мэрі Син Чжэнцзюнь.