Бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің Бейнеу ауданы бойынша шекара бөлімінің шеру алаңында 2023 жылдың күзінде шақырылған сарбаздар әскери ант қабылдады. Қызылорда, Түркістан және Маңғыстау облыстарынан шақырылған 100-ден астам сарбаз бен матростар Отанға адал болуға ант берді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Шекара қызметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әскери ант – әрбір әскери қызметшінің өміріндегі ең салтанатты сәт. Одан кейін әскерге шақырылғандар ел қорғауға толық жауапкершілікпен қарайтын нағыз жауынгерге айналады. Осы сәттен бастап сарбаздың бүкіл қызметі мен оның әр әрекеті салтанатты антпен байланыстырылады.
Әскерге шақырылғандарды осындай есте қаларлық оқиғамен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті бастығының бірінші орынбасары, штаб бастығы бірінші дәрежелі капитан Данияр Малчубаев құттықтады.
"Барлық жиналғандарды Республика күнімен және сарбаздарды әскери ант қабылдауларымен құттықтаймын. Құрметті әскерге шақырылғандар, сіздердің ел үшін осындай айтулы мерекеде әскери қызметтің алғашқы қадамдарының бірін жасағандарыңыз өте маңызды. Әскери қызметке ант бере отырып, Отан үшін нағыз жауынгер атанасыздар, ендігі міндеттер – еліміздің Конституциясы мен заңдарын қалтқысыз орындау, әскери істерді адал зерделеу, әскери дәстүрлерді сақтау және арттыру», - деп атап өтті офицер.
Ант қабылдау рәсіміне жергілікті атқарушы органдар мен жұртшылық өкілдері, Шекара қызметінің ардагерлері мен интернационалист-жауынгерлер, сондай-ақ әскери қызметшілердің туыстары мен жақындары қатысты.
Ауған соғысының ардагері Шайх Азанов та әскерге шақырылғандарды ант қабылдауларымен құттықтап, Мемлекеттік шекараны қорғау ең үздік және жауапты жауынгерлерге жүктелетінін, сондықтан жас сарбаздар мен матростар өздерінің әскери борышын абыроймен атқаратынына және ел шекарасын адал күзететініне сенімді екенін атап өтті.
Ант қабылдаған сарбаздар ел шекарасын қорғауға қажетті әскери мамандықтарды игере бастайды. Үш ай ішінде олар шекаралық дағдылардың негіздерін меңгереді, одан кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғау үшін шекара бөлімшелеріне, патрульдік кемелер мен катерлерге жіберіледі.
Айта кетейік, биылдан бастап шекара департаменті бөлімшелері әскерге қабылдаудың аумақтық принципіне өтуде, яғни, жастар тұрғылықты жері бойынша қызмет ете алады.
Бейнеу ауданы бойынша шекара департаменті тәрбие және идеологиялық жұмыстар басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Рамиль Жексенбаевтың айтуынша, шекарадағы қызмет ерекше және айтарлықтай моральдық, физикалық жүктемені талап етеді, ал үйге жақын жерде қызмет ету мүмкіндігі сарбаздадың жан тыныштығы мен тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі. Ал сарбаздардың ата-аналары ұлдарын жиі көріп, қонаққа келе алады. Сонымен қатар әскери борышын өтегеннен кейін сарбаздар мен матростар келісімшарт бойынша үйінде қызмет ете алады.
– Қазір келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің орташа жалақысы шамамен 270 мың теңгені құрайды. Тұрғын үйді жалдау ақысы ай сайын төленеді, ал жыл сайынғы еңбек демалысына шыққанда екі лауазымдық жалақы мөлшерінде қолма-қол ақша төленеді. Сондай-ақ тегін медициналық көмек пен 47 жасқа толғанда зейнеткерлікке шығу қарастырылған, - деп түсіндірді Рамиль Жексенбаев.
Сонымен қатар әскери қызметшілерге қызметін өтеу кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясына және шет мемлекеттердің басқа да жоғары әскери оқу орындарына түсуге мүмкіндіктері бар. Ал биылдан бастап міндетті әскери борышын өтеп, өздерін жақсы жағынан көрсете білгендер Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі әскерилердің еш кедергісіз қызмет етуі үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда.