Маңғыстау облысы Бейнеу ауданына Құлсары қаласынан эвакуацияланған тұрғындармен 25 әлеуметтік-педагог, 29 педагог-психолог жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Атырау облысының аумағында орын алған төтенше жағдайдан абдырап қалған азаматтар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Уақытша паналау орындарында мектеп жасындағы және мектеп жасына дейінгі балалардың көңілін аулау мақсатында әртүрлі тренингтер, сұхбаттар, балалар үшін ойындар ұйымдастырылған.
- Қиын жағдайға тап болған жандарға мүмкіндігімізше көмек беріп жатырмыз деп айта аламыз. Балалардың көңілін аудару мақсатында ойындар ойнап, мультфильм көрсетілді. Жекелей кеңеске жүгінген жандар да бар. Олардың психикалық жағдайын тұрақтандыру үшін өзара сөйлесіп, бойына сенімділік ұялатуға тырыстық, - деді Абай атындағы орта мектептің педагог-психологы Зейнеш Жиренова.
Аудандық Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің педагог-психологы Қарлығаш Ақкөзова емдеу мекемелеріне жеткізілгендер саны 2 адамды құрағанын айтты.
- Ы.Алтынсарин мектебінен 3 психолог Құлсарыдан келген халықпен тиісті жұмыс жүргізіп жатыр. Тұрғындармен жұмыс барысында алаңдаушылықты жоятын және психологиялық қолдау көрсету әдістерін қолданып жатырмыз. Қан қысымы көтерілген жасы алпыстан асқан әйел адам және қант диабетімен ауыратын жетінші сынып оқушысы ауруханаға келіп түсті. Қазір оларға ем-дом жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы мектепте психологпен қоса медицина қызметкерлері бірлесіп жұмыс істеп жатыр, - деді Қарлығаш Ақкөзова.
Қазір эвакуацияланған тұрғындардың жағдайы қалыпты. Мамандар кез келген мезетте тиісті көмек көрсетуге даяр екенін жеткізді.