Маңғыстауда Бейнеу - Шалқар бағытында жол салу мақсатында шарттық сома 196,8 млн. теңге, ал 2023 жылға 90 млн. теңге бөлінді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Маңғыстау облысының аумағындағы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 3063 шақырымды құрайды. Оның ішінде: республикалық маңыздағы – 1013 шақырым, облыстық маңыздағы – 1029 шақырым, аудандық маңыздағы – 1021 шақырым. 2022 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 96% пайызды құрады.
- Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К. Тоқаевтың 22.09.2021 жылғы тапсырмасына сәйкес Бейнеу-Шалқар автожолын салу бойынша республикалық бюджеттен техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуге қаражат бөлініп, «Қаздорпроект» ЖШС жобалық ұйымы конкурс нәтижесі арқылы жеңімпаз атанды. Бейнеу ауданына қарасты Сам, Ноғайты, Тұрыш ауылдарын да осы жоба арқылы қамтып өту жоспарланған. Қазіргі таңда жоба құжаттары әзірленуде, - деді Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Адайбек Қалиев.
Сонымен қатар, 2022 жылғы 7 қарашада Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмасына сәйкес «Ақтау – Форт-Шевченко» және «Таушық – Шетпе» автомобиль жолдарын реконструкциялау жұмысын 2023 жылы бастау тапсырылған.
- Президент тапсырмасына байланысты әкімдікпен «Ақтау – Форт-Шевченко» автомобиль жолын қайта құрылымдау жобасы 3 кезеңге және «Таушық – Шетпе» автомобиль жолын реконструкциялау жобасы 2 кезеңге бөлініп жоба жасақталуда. Қазіргі таңда, «Ақтау – Форт-Шевченко» жобасының 2 кезеңіне (43-73 шақырым, 73-104 шақырым) және «Таушық – Шетпе» жобасының 1 кезеңіне мемлекеттік сараптаманың қортындысы алынып, 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттің қалыптастырылуына бюджеттік өтінім жолданды. Президент тапсырмасының уақытылы орындау мақсатында жергілікті бюджеттен қаржы қарастырып, мердігерлерді анықтау бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері ұйымдастырылуда. Қазіргі таңда, мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы Ақтау - Форт-Шевченко автомобиль жолының 74-104 шақырым учаскесінің және Таушық - Шетпе автомобиль жолының 0-35 шақырым учаскесінің мердігер мекемесі «Ақ жол құрылыс» ЖШС болып анықталды,- деді Адайбек Қалиев.