Ақтау қаласында атшабар алаңында 19 қараша күні «Жаппай көкпар» ойынынан тұңғыш Маңғыстау облысы лигасы жарысы басталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жарыстың ашылу салтанатына МО ұлттық спорт түрлері орталығының басшысы Қайрат Бурбасов, өңірде ат спортының негізін қалаған Ақтаубай Нысанов, атбегі сейіс, ардагер Есболат Бекұлы, «Көкмойнақ» командасының негізін қалаушы Аманғали Бағдабаев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
«Жаппай көкпар» ойынынан Маңғыстау облысы лигасының 1-турында 68 спортшы мен 45 ат өнер көрсетті. Жарысқа облысымыздың барлық аудан, қала командаларынан ат жалында өскен 15 жастан жоғары жасөспірімдер, жастар және ересектер қатысты.
1 турдың қорытындысы бойынша үздік салымшы болып Жасұлан Қуанышұлы танылды. Ойын кестесі бойынша жарыс 10 турдан тұрады және қаңтар айына дейін жалғасады.
МО ұлттық спорт түрлері орталығы басшысының орынбасары Амангелді Сарқұлдың айтуынша, жарыстың мақсаты — салт аттылар санын көбейтіп, атқа міну мәдениетін дәріптеу, жас ұрпақтың атқа мінуге деген қызығушылығын арттыру.
- 3 айға созылатын жарыста көкпарға қызығушылық танытқан 15 жастан жоғары ер жігіттер келіп қатысуға мүмкіндіктері бар. Әр кезең сайын қатысушылар саны көбейіп, жастардың рухы көтерілері сөзсіз, - деді Амангелді Сарқұл.
Ойын кестесі:
I тур - 19 қараша, сағат 11.00
II тур - 26 қараша, сағат 11.00
III тур - 3 желтоқсан, сағат 11.00
IV тур - 10 желтоқсан, сағат 11.00
V тур - 17 желтоқсан, сағат 11.00
VI тур - 24 желтоқсан, сағат 11.00
VII тур - 31 желтоқсан, сағат 11.00
VIII тур - 7 қаңтар, сағат 11.00
IX тур - 14 қаңтар, сағат 11.00
Х тур - 21 қаңтар, сағат 11.00
Ұйымдастыру алқасының байланыс нөмірі: 8775 620 06 22. Қызығушылық танытқан азаматтар хабарласып қатыса алады.