2023 жылғы 12 мамырда сағат 17-00 шамасында Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Баутино ауылының маңындағы Түпқараған ауданында Каспий теңізінің жағалауына мониторинг жүргізу барысында бірнеше итбалық пен балықтардың өлексесін тапты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚР Экология министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Итбалықтар табылған жерге Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының, Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің, гидробиология және экология институтының, Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының, "Қазгидромет" РМК, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен тұратын жұмыс тобы шықты.
Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті және Қазгидромет қызметкерлері табылған жерден су мен ауа сынамаларын алды.
Табылған теңіз жануарларының ұшаларының көпшілігі, бекіре тұқымдас балықтар қатты ыдырау және шірік сатысында болғандықтан, сынама алу мүмкін болмады.
Бұл ретте Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының қызметкерлері сынамалар алуға болатын бір данадан ішкі ағзалардың (бауыр, өкпе) тіндерін ішінара іріктеп алды, ал гидробиология және экология институты тиісті зертханалық зерттеулер жүргізу үшін азу, тырнақ және жүнді іріктеп алды.
Бұдан басқа, аталған факт Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық полиция бөлімінің ЕҚДБ-да 2023 жылғы 12 мамырда № 234752030300589 тіркелді және сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде жануарлардың өлімінің себептері мен басқа да мән-жайлары белгіленетін болады.
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Каспий теңізінің жағалау аймағының мониторингін жалғастыруда.