© Архив
Мұнайлы ауданы, Батыр ауылының тұрғыны «Ақтау-Батыр –Ақтау» бағытындағы автобус кешкі сағат 19:30-да аялдамаға тоқтамай, өтіп кетті дейді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Оның айтуынша, кешкі сағат 19:30-да екі автобус аялдамаға тоқтамай, жандарынан өте шыққан.
«Батыр-Ақтау» бағытындағы қоғамдық көліктің соңғы рейсі сағат қаншада екенін біле аламыз ба? Автобус жүргізушілері өз қалаған уақытында жүре бере ме?», - дейді тұрғын.
Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жаз мезгілінде «Ақтау-Батыр-Ақтау» бағытында сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін 9 дана автобус қызмет ететінін айтты.
«Ал таңертеңгі-кешкі уақыттарда автобус саны 10-11-ге дейін көбейтіледі. Маршрут интервалы таңертең-кешке - 10 минут, күндізгі уақытта - 20 минутты құрайды. Сонымен қатар, мерекелік күндері және кейбір демалыс күндері жолаушылар санының азаюына байланысты, автобус саны азайтылады. Жолаушылар ағынына сәйкес, автобус саны тиісінше реттеліп отырады.
Барлық ауданаралық (облысішілік) қоғамдық көлік маршрутарындағы автобустардың саны және интервалы басқарманың тұрақты бақылауында екендігін хабарлаймыз», - деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.