«Доссор-Құлсары-Бейнеу-Сайөтес-Шетпе-Жетыбай» автомобиль жолында «Ақтау-Жетібай» учаскесінің 772 шақырымында «Жолда қабылдау» акциясы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысында республикалық маңыздағы автомобиль жолдарында және елдімекендердегі жолдарда «Жолда қабылдау» акциясы дәстүрлі ұйымдастырылады.
Шарада құзырлы мемлекеттік мекемелер өкілдерінен құрылған мобильді топ 50-ге жуық көлік жүргізушісін жолда қабылдап, көкейтесті сұрақтарына жауап берді.
«Мақсаты - азаматтардың құқықтық сауатын әрі жол қауіпсіздігі ережелерін сақтаудағы жауапкершілігін арттыру. Маңғыстау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы, полиция, «Қазавтожол» ұлттық компаниясы, «Қажсервис» мекемесі және ұлттық сапа орталық қызметкерлерінің қатысуымен биыл осымен екінші шараны өткізіп отырмыз. Көлік жүргізушілері әр сала мамандарына өзін қызықтырған сұрақтарына жауап алды деп ойлаймыз. Сондай-ақ, онлайн түрде сұрақ қоюға болатынын қаперіңізге береміз. Бүгінде әр уәкілетті мекеменің әлеуметтік желілерде ресми парақшалары бар. Кез келген сауалға жауап беруге әзірміз» - дейді ҚР Көлік министрлігі ұлттық жол сапа орталығыМаңғыстау облыстық филиалының директоры Хамзат Сұлтанов.
Жолшылар көлік жүргізушілерден республикалық маңыздағы трассаларға бірқатар шаруа қожалықтарының жақын орналасқанын ескертіп, жолда жылдамдықты асырмауға шақырды. Өңірде жыл басынан бері жолда қараусыз жүрген төрт түлік қатысуымен бірнеше жол апаты тіркелгенін айтып, жол ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертті.
Сондай-ақ «Таза Қазақстан» эконауқаны аясында Маңғыстау аумағында тазалық шаралары өтіп жатқанын хабарлап, көлік жүргізушілерін тамақ қалдықтары мен қоқысты жол жиегіне тастамауға, табиғат аясын ластамауға шақырды.