Маңғыстауда үш күнге созылған Құрбан айт мейрамының алғашқы күні-ақ өңірдегі мешіттерде тұрғындар үшін мереке ұйымдастырылып, 5000 адамға құрбандық еттері таратылып, балаларға тәтті сыйлықтар берілді. Мұсылман жұртының қасиетті мерекесі аяқталғанымен, мешіттердегі қайырымдылық шаралары әдеттегідей жалғасып жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыстық Бекет ата мешіті зағип жандар мен сөйлемейтін және естімейтін азаматтарға «Ас төр үй» мейрамханасында ас берді. Ақ дастархан басында марқұмдар рухына Құран бағышталды. Ас беру рәсімін облыстың бас имамы Әнуар Елжанов ашып, қонақтарға игі тілегін арнап, осы шараға демеуші болған азаматқа алғыс айтты. Ел ағалары, дін жанашырлары да жақсы тілектерімен сөз сөйледі.
Мейман боп келген мүгедектігі бар азаматтар өздерін ұмытпай құрмет көрсеткені үшін шексіз ризашылығын білдіріп, ақ тілектерін ақтарды. Сөйлемейтін жандардың сөздерін сурдоаудармашы жеткізіп отырды.
Шынайы мерекеге айналған ас рәсіміне әнші-жыршылар да қатысып, жан баурайтын өнерімен көңіл серпілтті.
Шара соңында барлық қонақтарға ет таратылып, сыйлықтар ұсынылды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА