Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасында орналасқан Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Тәжен» кеден бекетінде есірткі заттарын алып өтпек болған шетел азаматтары ұсталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ақтау-Нөкіс бағыты бойынша 1992 жылы туған Өзбекстан азаматының қол багажынан салмағы 2 граммға дейінгі ерекше иісі бар жасыл түсті өсімдік заты табылды. Өзбекстан азаматының өзі мойындағандай, бұл зат – марихуана тұқымы.
Дәл сондай Үргеніш (ӨзР) – Уфа (РФ) бағыты бойынша шекарадан «Kia carnival» көлігімен өтпек болған РФ азаматының қалтасынан салмағы 3 граммға дейінгі ерекше иісі бар жасыл түсті өсімдік заты табылды. Оның 1993 жылы туған Ресей азаматы екені белгілі болды. Ресей азаматының сөзі бойынша, бұл зат та марихуана тұқымы.
«Қазір өндіріске арналған материалдар Бейнеу кентінің аудандық полиция органына берілді», - деп жазылған Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің хабарламасында.