Атырау облысы, Жылыой ауданының тұрғындары тамақ, шәй-су, төсек орын жабдықтарымен көмек көрсеткен Бейнеу ауданының халқына риясыз ризашылығын білдірді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Атыраулық тұрғынның сөзінше, су тасқынына байланысты Бейнеу ауданына көшірілген 11 отбасы Қазавтожол мекемесінің жатақханасына орналасқан.
- Бейнеу ауданының тұрғындарына алғысымызды білдіреміз. Менің өзім түнгі сағат 3-те келдім. Бейнеу ауданының тұрғындары күн-түн демей, жағдайымыз жасап, бізді орналастырып жатыр. Тамағымыз, шәй-суымыз, төсек орнымыз барлығы жабдықталған. Тұрғындарға осындай қиын жағдайда қолдау көрсеткен Бейнеу ауданының тұрғындарына алғыс айтамыз, - дейді тұрғын.
Тағы бір атыраулық тұрғын елдігін танытып, дәрі-дәрмек беріп, жылы қарсы алып жатқан жанашыр Бейнеу ауданындағы ағайынға ерекше рақметін жеткізді.
- Бізді жақсы, жылы қарсы алып жатыр. Дәрі-дәрмегімізді беріп, емдеп жатыр. Маңғыстаулықтарға, оның ішінде Бейнеу тұрғындарына ризашылығымызды білдіреміз. Енді осындай жағдай қайталанбасын дейміз. Біз әр жерден бөлініп келіп жатырмыз. 18 адам болып икаруспен, 4 жедел жәрдем көлігімен келдік. Барлығымыз бір қазақтың баласымыз, басымызға іс түскенде пана болып жатқандарына рақмет, - дейді атыраулық тұрғын.