
Боранқұл ауылының тұрғыны Сәкен Тұрниязов Құлсарыдан эвакуацияланған 50 шақты адамды үйіне орналастырған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ал үйіне сыймаған адамдарды балалары мен туыстарының үйіне апарған. Жалпы бір әулет үйіне бас-аяғы 20 шақты отбасыны паналатқан. Сәкен Тұрниязовтың отбасы эвакуацияланған құлсарылықтарға жылы төсегін жайып, ыстық асын дайындап отыр.
- Кеше балаларымды көлікпен жіберіп, Құлсарыдағы туыстарымды үйіме алдырдым. Бір атадан тараған алыс-жақын туыстарым, құдаларым, құдамның құдасы бәрі осында келді. Өз үйіме сыймағанын екі балам мен, апамның, інімнің үйіне орналастырдық. Ең соңғысын таңғы 5-те күтіп алдық. Бұл менің азаматтық борышым. Мұндай жағдай болмасын, - деді Сәкен Тұрниязов Боранқұл ауылының тұрғыны.
Ал Құлсарыдан келген тұрғын қарғын судың ауылға лезде кіргенін айтып отыр. Сол себепті керек-жарағын жинап үлгермеген. Ол мұндай сын шақта қол ұшын созған барша маңғыстаулыққа алғыс айтты.
- Ешнәрсе жинап үлгермедік. Азаматтар судың жолын бөгеп, қорған болды. Дегенмен, қарғын суды ұстап тұра алмады. Су әп-сәтте үйімізге кіріп келгенде қашып үлгердік. Үйіне қабылдап жатқан інімізге рақмет. Боранқұл ауылына келген адамдарға көмек көрсетіп жатқан тұрғындарға да ризамыз, - дейді Айгүл Тұрниязова.
Айта кетейік, Жылыой ауданының Құлсары қаласынан Маңғыстау облысына эвакуацияланған адам саны 14 мыңнан асты.