Атырау облысында төтенше жағдай жариялануына байланысты Жылой ауданы, Құлсары қаласынан қазіргі уақытта 1678 мектеп оқушысы Маңғыстау облысына келді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық Коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Эвакуацияланған оқушылар өңірдегі білім беру ұйымдарына тіркелді. Ақтау қаласына 374 оқушы, Бейнеу 1098 оқушы, Жаңаөзен қаласына 65 оқушы және Қарақия ауданына 38 оқушы, Маңғыстау ауданына 41 оқушы, Мұнайлы ауданына 53 оқушы, Түпқараған ауданына 9 оқушы есепке алынды.
Сонымен қатар, облысқа келген оқушылардың 351-і мектепке, 326-ы колледждерге, 992-і туыстарының және облыс тұрғындарының үйлеріне, 9-ы қонақ үйлерге ата-аналарымен бірге орналастырылды. Онымен қоса, жұмысты жүйелі ұйымдастыру үшін облыстық білім басқармасы тарапынан жауапты қызметкерлер жөнінде ақпарат енгізілген «Атырау облысына көмек» атты арнайы парақша ашылды. 7 сәуір күні оқушылардың барлығы сабаққа қатысты. Оқушылар 52 мектепке бекітілді. Оның ішінде, 1618 оқушы қашықтан, 49 оқушы дәстүрлі форматта білім алуда. Аталған мәселеге байланысты қашықтан оқыту сабақтары ZOOM желісі арқылы өтеді. Онлайн оқыту форматы биыл 8-12 сәуір аралығында жүргізіледі. Ал, өзгерістер қосымша хабарланып отыратын болады. Оқушыларға қажеттілігіне қарай кеңсе тауарлары, оқулықтар таратылды.
Эвакуацияланғандар орналастырылған білім беру мекемелерінде қауіпсіздік шаралары қолға алынды.